Қанай ауылы тарихына тоқталатын болсақ, бұрын «Бірлік», «Ленин» колхоздары болып  келген ауыл, қазір Қанай атымен аталады.

 

Туған жер – әр адамның туып өскен жері. Әрбір адамға өз туған жері ыстық, қымбат болып сезіледі. Туған жер тарихына үңіле отырып, ата- бабамыздың өткен жолымен қалдырған мол мұрасын зерделеу болып отыр. Тарих сыры әрбір тақырып өзін зерттеуді қажет етеді.

 

Ауыл ақсақалдары С.Күзенбаев пен Ғ.Шамұратовтың айтуынша, Қанай жері бұрын «Жетінші ауыл» атанған, содан кейін «Ленин» ұжымшары болып аталып келген. Ленин ауылы үш бөлікке бөлініп: қызыл ақырап, 5-ші ауыл және Дәниләкөл болып бөлінген. Ұжымшар Жайықтың Дәнилә деп аталатын сағасының бойындағы Дәниләкөл ауылының аумағында орналасқан. Солтүстігінде мемлекеттік орман қорының ормандарымен жалғасып, шығысында «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарының алқаптарымен, батыс жағында Теректі ауданы «Долинный» ұжымшарымен шектесіп жатыр. 

 

1930-1932 жылдары колхозға жаңа техника әкелініп, колхоз жыл өткен сайын өсіп-өркендеп дәулеттері арта түскен. Ауыл адамдары бригада құрып, татулықпен бірлесе қызмет жасаған. 1990 жылы Ленин атындағы колхоз қосалқы шаруашылық ретінде «Уральскнефтегазгеология» мекемесі құрылды. Соғыс ардагері Шынғали Тақауев басшылық қызметін атқарды.

 

1994 жылы негізгі қосалқы шаруашылық акционерлік қоғам «Бірлік» болып қайта құрылған. Қанай ауылдық округі  екі ауылдан тұрады. Дәнилякөл мен Қанай. Селолық округінде 11 ұлт халқы өмір сүруде. Қанай аумағында «Алия», «Шұғыла» шаруақожалықтары жұмыс істеуде. 2003 жылдан бастап ауыл тұрғындары табиғи өнімнің игілігін көруде.

 

2015 жылдан бастап «Таза су» бағдарламасы бойынша әр үй ауыз сумен  қамтылды. Қанай ауылы  жыл сайын көркейуде.

 

Орынгүл Мұқашева.

Қанайдың тарихи шежіресі