Ақсай қаласының тұрған жерінің аты бұрын Байжиен мен Бекетай атанған. Бекетай атамыздың моласы «ПИК 59», «ТЭЦ» алдында орналасқан. Байжиен атамыз қайтыс болғанда өз өсиеті бойынша биік қырқаға жерленген екен. Ол осы күнгі мұсылмандар моласы. Осы өңірде Байторыкөл, Қамыстыкөлдер болған. Сонымен қатар Бақтыарал жақта үлкен КОС салынды. Тоғыз жолдың торабы болып саналатын теміржол тарихын әріден бастайтын болсақ, 1916 жылғы Австро-венгер соғысында қолға түскен тұтқындарды әкеліп, Орал Елек аралығына поезд жүргізу мақсатында теміржол желісін тарту үшін топырақ үйгізген, сайлар мен өзендерге көпірлер салынған.
1935 жылы Орал Елек немесе Тұзтөбе аралығында теміржол құрылысы аяқталып, поезд жүргізіле бастаған. Осыған орай қазіргі Қазақстан станциясының вокзалы, вагон жөндейтін депо, электростансасы, су мұнарасы, ағаштан екі қатарлы үйлер салынды. Бөрлідегі астық қабылдау мекемесі 1935 жылы Қазақстан стансасына көшіріліп, қазіргі элеватор тұрған жерге астық қабылдау пунктінің кеңсесі, бір-екі қойма салынған. 1938 жылы өрт сөндіретін депо салынды.1954 жылы тың игеру басталды. 1962 жылы аудандар ірілендіріліп, Бөрліге Шынғырлау ауданы қосылды.
1967 жылы аудан орталығына Ақсай деген ат берілді, қала мәртебесін алды. Қала 1986 жылы Қарашығанақ кен орнының ашылуына байланысты кең қанат жайды. Қаладағы тұрғындар саны күрт өсті. Қалада әртүрлі ұлттар тату-тәтті өмір сүруде. Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы өсіп, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды.
Қаламыз күннен күнге көркеюде, мұнда өз Отаны - Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуіне еңбек сіңіріп жүргендер қаншама: өндіріс орындары дамуда, жаңа зауыт, кәсіпорындар жұмыс істеуде, егіні жайқалып, малы бағылуда. 2012 жылы қаламыз жаңа Моноқалалар тізіміне енді. Мемлекеттік бағдарламаның алға қойған мақсаты – шағын қалаларды одан әрі көркейту. Ал біз оған лайық болуға тиіспіз!
Қазіргі таңда бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін, болашаққа нық қадам басқан, өзінің қаласын сүйетін жаңа ұрпақ өсіп келеді. Елдің тарихы жастардың қолында. Олай болса, тарихи байлықтарымызды келер ұрпаққа табыс етейік. Біздің елімізді сүймеу мүмкін емес, өйткені біздің жеріміз әлемдегі ең керемет жер!
Ескі елтаңба Ақсай қаласының
40 жылдығына Жаңа елтаңба
Николай Нюдильчиев Исатай Қошым
Зейне Кенжалиева
Ақсай гербі - Ақсай қаласының рәміздік белгісі. Ол Қазақстан туы тектес көгілдір қалқанға орналасқан. Қалқанға алтын түстес ою Ақсай қаласының географиялық орнын, кілт – Қарашығанақ кенішін тауып, оны игерудегі ерең еңбектің рөлін, айқасқан қолдар ынтымақтастықты, от жалыны кеншілердің жігер – күшін бейнелейді. Таңбаның жоғарғы жағындағы бидай масақтары Ақсайдың ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру және олардың өңдеу жөнінен аудан көлеміндегі негізгі орталық екендігін көрсетеді.