Ерғалиев Марат Бақытжанұлы

 

Тарих бетінде талай боздақты жер жастандырып, ананы баладан, жарды зайыбынан, ұлды әкесінен айырған Ауған соғысы деген атаумен қалған еді.

 

Қазіргі уақытта аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген Ерғалиев Марат Бақытжанұлы да сол сұрапылдың ортасынан оралған оғландардың бірі.

 

Бөрлі ауданының Ақсу ауылында 1962 жылы жарық дүние есігін ашқан Марат Бақытжанұлының балалық шағы «Миргород» совхозында жалғасады. Осында мектеп партасына отырған ол, алғашқы еңбек жолын да осы совхозда бастайды. 1980 жылы ел алдындағы әскери борышын өтеу жолында Қарулы Күштер қатарына қабылданады. Қараша айында Челябинск облысының Чебаркул қаласындағы оқу бөліміне аттанған Марат Бақытжанұлы 6 ай оқып, сержант шенін алып шығады. Сол кезде жас сарбаздар басшылардың өздеріне айтқандарындай, әскери борышты Германияда жалғастырамыз деп ойлаған еді. Алайда бұл топшылау орындалмай, жағдай өзгеше өрбиді. 1981 жылы 9 мамырда Марат Бақытжанұлының бөліміндегі үш, төрт жігіт Ташкент, Ашхабат асады. Ал 14 мамыр күні таңертең ұшаққа отырар сәтте ғана округ штабының командирлері оларға: «интернационалдық борыштарыңды өтейсіңдер», — деп, «соғысқа» аттандырып салады. Осы сәтті Марат Бақытжанұлы: «Әрине, біз сол кезде қуанған едік. Жас едік. Жүрегіміз Отан деп соғып, берген антымызды орындауға құлшындық. Сол кездегі солдаттардың бәрінің барғысы келген еді», — деп есіне алады.

 

Сарбаздар мінген ұшақ екі сағаттан соң Кабулға келіп қонады. Осыдан кейін-ақ патриот жастар үшін өзге өмір басталды… . « Самолеттен түскенде алғаш көргеніміз сұп-сұр, ағаш-бұтасы жоқ таулар болды. Табиғаты ерекше екенін байқадық. Қаланың жағында тек тікірейген таулар, жартастар болса, келесі шетінде бізге мүлдем таңсық, біздің елде қолымыз жете бермейтін пальма ағашы, тропикалық жемістер толып тұратын», — деп есіне алады ауғандық ардагер.

 

Бейтаныс елдің топырағына табаны тиген сарбаздар әр бөлімге бөлініп, әскери өмірге еніп кете барады. 180-ші атқыштар полкіне түскен сержант Марат Бақытжанұлы гранатамёт атқыштар взводының жаяу әскерінің соғыс машинасының командирі болып әскери борышын бастайды. Бұл 180-ші атқыштар полкі «Қызыл ту» орденді атақты полк болатын. Кеңес Одағының батырлары полк командирі Е.В. Высоцкий мен 2-ші батальон командирі Р.С. Аушевтардың қарамағында болған бұл полктің жауынгер сарбаздары да қайтпас қайсар ерлік көрсете білді. Алғашқы күннен бастап Кабул-Баграм жолын жауынгерлік қорғауға алды. Олар осы жерде 1983 жылға дейін соғыстың өртін көріп, оқтың өтінде жүрді. Бұл жол бойын сол кезде әскерилер «өмір жолы» («порог жизни») деп атаған еді. Өйткені осы жерде өмір мен өлім алма кезек арпалысып, адам ойына келмеген, түсіне кірмеген оқиғалар орын алып жататын… .

 

Бұл взводта Кеңес елінің түкпір-түкпірінен келген әр ұлттың ұлдарының басы біріккен еді. Өзбек пен украин, беларусь пен түркімен, тәжік пен татар, орыс секілді түсі бөлек, тілі басқа, алайда жүректері бір соққан қаһарман ұлдар болды. Алайда олар ұлтқа бөлінбеді, керісінше бір әкенің балаларындай бауырмал болып, қанды қырғыннан аман шығып, бейбіт елге көмек беру жолында жұдырықтай жұмылды.

 

Бұл туралы ардагер жауынгер Марат Бақытжанұлы былайша есіне алады: «Ол кезде бізде таңдау болған жоқ. Отан қорғауға ант қабылдаған біздер әскери міндетімізді орындадық. Біз өзіміз бастап ешкімді атқан жоқпыз. Тек бізге қарсы атылған оққа ғана жауап қайтарып отырдық. Өйткені біз Ауған халқына көмек беруге барған едік. Бір апта немесе бір ай тып-тыныш өтсе, келесі күні қырғын басталып кететін. Сондай кездерде бейбіт халық та жапа шегіп жататын. Қиындықты жазықсыз халық көрді. Бұл соғыс жарияланбаған соғыс, Ауғанстандағы Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің сол елдегі азаматтық соғысына араласуы болды. Себебі онда сол елдің өз ішінде соғыс жүріп жатты. Тіпті ағайындылар бір-бірімен шайқасып жатырған еді. Қазір ойлап отырсам, басқа елді, жерді қорғаған екенбіз.

 

Талай боздақ сонда топырақ құшып, көз жұмды. Бұл неге керек еді?! Әрине, сол кездегі патриотизм күшті болған шығар. 18-19 жастағы қылшылдаған жастар қорықпады емес, қорыққан да болармыз… Алайда біз Отан қорғау үшін берген антымызды абыроймен орындауға тырыстық».

 

Бұл күнде Ауған соғысының ардагері зайыбы екеуі екі бала тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана.

 

Ясипа Рабаева. Ерлікке тағзым.