Дидар Төлеуқайырұлы Хамитов

Ел құрметіне лайық жан

Жадымызда мәңгі жас бейне

 

1979-1989 жылдары Ауған даласында оқ пен оттың өтінде жүрген талай боздақтың тағдыры тар қапасқа қамалғандай еді....

 

Солақай саясаттың сұм соғысына қатысқан 22269 қазақстандық сарбаздың қатарында жастық жалыны мен мұқалмас жігерін жасындай төккен дидар Төлеуқайырұлы да өзінің интернационалдық борышын орындаған.

 

Шынғырлау ауданының  Қуағаш селосында 1961 жылдың 2 ақпанында дүниеге келген Дидар Төлеуқайырұлы мектеп бітірген соң, ДОСААФ-та шопырлық курста оқиды. Бейбіт заманның мамыржай күніне өзі құралпыжастармен бірге болашақты бағдарлап, ата-анасы мен бауырларының ортасында шаттыққа бөленіп жүрген кезінде 1979 жылы 8 мамырда әскери борышын өтеуге Кеңес Армиясының қатарына шақырылады.

 

Ленинградта басталған әскери қызметі Ужгородта жалғасты. Солдат өмірінің  темірдей тәртібіне ысылып, отан алдындағы борышын орындап жүрген сарбаздың өмірі осы жылдың желтоқсанында басқа бағытқа бұрылған еді. Бұл бетбұрыс сарбазды Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің құрамымен Ауған жеріндегі сұрапыл соғыстың ортасынан бір шығарған.

 

1979 жыл Кеңестер армиясына шақырылған Дидар Төлеуқайырұлы Хамитов бар болғаны 18-ақ жаста еді. Шет жерде оққа ұшқан  жандардың бірі Дидар Төлеуқайырұлы Хамитов көлік колоннасына жасалған шабуылда, жаңбырдай жауған оқтың астында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ерлікпен көз жұмды.

 

Бұл 1980 жылдың 19 маусымы болатын. Бірнеше орден мен грамоталарға ие болған қайтпас қайсар ұлқайтыс болған соң Қызыл жұлдыз орденімен марапатталды.