Туған жердің әрбір сайы мен қысқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әр өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар.

 

Соның бірі - Мүсіреп әулие ата. Бүгінгі таңда оның қадір-қасиетіне көпшілік бас иеді. Мүсіреп ата рухына дұға оқымай, бет сипамай өтетін жан жоқ. Қараоба өзені бойында көпірден 100 метрдей жерде жерленген ата аруағы, оның көріпкел болғаны туралы ел аузында жүрген аңыз әңгіме де аз емес.

 

Шын есімі –Мысырғали. 1870-1930 жылдары өмір сүрген. Көріпкел, намаз оқып сопы болған кісі. Әкесінің аты-Құрманқұл. Руы –Тама. Осыдан 10-11 жыл бұрын Қараоба өзенінің бойынан өткенде сол жерде бір ата бар деп естуші едік. Қазақстанның бүкіл әулие бар жерлерін аралап келгеннен кейін, 2007 жылы Мүсіреп атаның басын көтеретін болып шештік. Ең бірінші құлпытасын қойған Жарас Машар болатын.Мал сойылып, үлкен садақа берілді. 2009 жылы мазардың қасынан үй салынды. Онда шырақшы тұрады. Көбіне Орынбор, Самара қалаларынан кісілер келіп, түнейді.    

 

Жалпы Мүсіреп әулиенің әкесі Сейтқазының Сыйдық деген інісі болған. Ол әулие атаның қасында жерленген. Одан Абай есімді ұрпақ қалған, ол кісі қазіргі таңда Бөрлі ауылында тұрады.

 

Бөрлі  жаршысы №46 16/11/2017

Аида Есенаманқызы

 

Көне мұра сыр шертеді.

 

Бөрлі ауданының солтүстік шығысында Елек өзенінің жағасында орналасқан Жаңаталап елді-мекені үлкен хазіреттердің ауылы болған. «Хазірет» деп әдетте дін ілімін терең білген, елге елеулі азаматтарды, имамдар мен ғалымдарды атаған.

 

Жаңаталап ауылында жеті атасы бірдей атақты хазірет тұрған. Бұл мекен кезінде «Хазіреттер шаһары», «Хазірет шарт», «Хазірет Шаһараб» деп те аталған. Ел аузындағы «Кезекеш шәрі» деп аталатын кеткен  осы жер. Негізі халық «Кезекеш шәрі» деп Макарим хазіретті атаған. Жаңаталапта сол хазіреттер салған кітапхана, мешіт, медресе, жатақхана болған. Бұл ғимараттар кірпіштермен қорған болып қоршалған. 1930 жылдары революциядан кейін жергілікті тұрғындар мешіт, медресе, жатақхананы бұзып, құрылыс материалдар ретінде қолдануға алған. 1935 жылы «Жаңаталап» колхозы (кейін Қарасу ауылдық кеңесі) болып құрылды. Бұл жеті Хазірет ел қатарлы жай сауатты адамдар ғана емес, тарих бетінен орын алуға лайықты азаматтар болған.Олардың елеулі қызметтері, әулиелері, әлі күнге ел аузында және өз ұрпақтарының жадында сақталып келеді. Хазіреттер жыл сайын өз қаражаттарына 500-600 адамның діни сауатын ашқан. Олар тек сауатты ғана емес, бақуатты да бай адам болған.

 

Облыс көлеміндегі хазіреттердің көпшілігі осы хазіреттердің шәкірттері екен. Олар елге әйгілі Дәден ата, Мүсіреп әулие, Құдайқұл ата секілді әулиелер.

 

Мазарат басындағы тастарда, сөз болған жеті хазіреттердің есімдері көне араб тіліндегі жазылған құлпытас беттерінен шықты. Олар Макарим, Сәлімгерей, Мағалым, Жәлеледден, Ширажедден, Мауарин, Машарып.

 

Бұл хазіреттердің руы табын, қадырбек бөлімінің Сүйіндік атасы. Сонымен қатар, мұнда көненің көзіндей болып сақталып қалған тарихи ескерткіштер де бар.

 

Соның бірі – ауыл шетінде орналасқан ІІ ғасырлық тарихы бар ескі мешіттің кітапханасы. Сол Хазірет молданың бір ұрпағы – Рамазан  атты азамат 2007 жылы көне мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне  ұсынды. Мешіт қорғаны ішінде мәрмәр тақта орнатылып, оған Хазірет молдадан тараған ұрпахтардың есімдері жазылған.

 

№24 22/06/2017 ж. Бөрлі  жаршысы Мади Келмуханов

Қарасу МБК директоры

 

  

Көненің көзі Қарашығанақ

 

«Туған жерге тағзым» бағдарламасы бойынша  тарихи жерлер Қарашығанақ, Жаңаталап ауылдарына сапар.

 

Бүгінде атын әлем білетін Қарашығанақ кен орнымен аталатын ауылдың тарихы тереңде жатыр. Қарашығанақ ауылы Ресей патшалығымен іргелес орналасқандықтан Елек, Жайық өзендеріне жақын сулы-нулы, табығаты өте көрікті аймақ. Мұнда орысша-қазақша төрт класты мектеп, мешіт, келушілерге түсіп-түнейтін қонақ үй болған. Қазақтар, орыстар, ноғайлар тұрған  үлкен ел атанған. 1935 жылы Бөрлі ауданы құрылғанда екі орта мектеп болса, соның бірі Қарашығанақта болған. Бұл мектепте кезіндегі бөрлілік білім және жоғары институт министрі болған Кенжәлі Айманов, оның ағасы Әділгерей, соғыс  және еңбек ардагері Салық Оразов, Тухватуллин Абдрамен, Досжандар да білім алған.

 

Тағыда бір ерекше айта кететін жағдай осы ауылда би Абыз Ботантайдан тарайтын Айбасов Шолақтың ұрпақтары тұрған. Шолақ 1856 жылы батыс бөлік әкімінің көмекшісі болып жұмыс жасаған. Орталығы Елек уезі. Шолақтың Ержан, Нұржан, Дәукен атты үш баласы кезінде үш болысты басқарған. Ауылдың ескі қорымдары, Ахметтола мешітінің, үш билер тұрған үйлер орындары бар. Табындардың  үш мейіт-қорымы бар екен. Төрт қырлы, арнайы оюлармен құйылған биіктігі 2,5-3 метр болатын құлпытастарға ескіше араб әрпімен жазылған.

 

№50 14/12/2017 бөрлі жаршысы 4бет Қ.Ғұсманов.

 

Қазеке шәрі Жаңаталап

 

Жаңаталап кезінде 200-300 үйі бар үлкен ауыл болған, бүгінде 106 үй қалған. Орта мектеп, балабақша, медпункт, кітапхана, пошта тағы да басқа мәдени ошақтары халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда да үш мейіт қорымы бар екен.  Негізгі Жаңаталап колхоздың аты, жердің ежелгі атауы- Қарасу, осы атты күні бүгінге дейін мектеп иемденуде. Жаңаталапты Кеңес үкіметіне дейін халық Қазеке шәрісі атаған. Осы өңірге  белгілі Құдайқұл мешіті, оның кітапханасы, басқа білім алар ошақтары болған. Кеңес үкіметі кезінде мешіт бұзылған, сонан тек кітапхана шамамен 20 шаршы мертдей ғимарат  сақталған. Қызыл кірпішпен қаланған төрт кішкене құлағы бар, ортасы дөңгелек етіп күмбезденген.

 

№50 14/12/2017 бөрлі жаршысы 4бет Қ.Ғұсманов.