Алғысөз

Мұзафар Әлімбаев - аса көрнекті ақын, Ертіс-Баян өңірінің тумасы, Қазақ­стан­ның халық жазушысы, Абай атындағы Мемле­кет­­тік сый­лықтың лауреаты.

 

 

 

Ол қа­зақ әде­биетінде өшпейтін із қал­дыр­ған ақын-жазушылардың маң­дай­алдысы, балалар әдебиетінің қара нары. Мұзафар Айтмағамбетұлы балалар әдебиетінің дамуына тың серпін беріп, зор үлес қосқан талантты ақын, шебер жазушы еді. Мұзағаның қаламынан туған жырлар әндерге арқау болып, жүз сексенге жуық өлеңі әнге айналады. Мұзафар Әлімбаев халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы – мақал-мәтелдерді жинаумен қатар, өзге халықтардың мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударумен айналысқан. Ақынның «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына» жинақтары мен зерттеулері бар. Халқымыздың отты ақыны Қасым Аман­жоловтың «Мұзафар – қазақ мақалының маршалы» деп айтқаны да осыдан болар.

 

  

 

«Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағалардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің шығармашылығын Мұзафардай қадағалап, қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды да әлі кездестірген емен.»
                                              Мұқағали Мақатаев

 

     Мұзафар Әлімбаев  -  29 қазан 1923 жылы Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Маралды ауылында дүниеге келген. Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. әл – Фараби атындағы ҚазМу-ды тәмәмдаған.

Әкеден 8 жаста, шешеден 13 жасында айырылып, «Туар-тумастан тоналған ұрпақтың өкілі…». Сол тұста жетімектің кім екенін, жетімдіктің зіл мен мұң екенін анық та толық сезді. 1932-33 жылғы алапат аштықты көлденең көзбен көріп емес, өз басынан өткерген. 1937 жылдың сталиндік сойқанында халықтың зиялы ұл-қыздарын зорлық-зомбылықпен оққа байланғанын өз көзімен көріп, үрейі ұшқан ұрпақ. Осы тұста тырнақалды өлеңін жазды.

Өкінемін ерте өмірдің өткеніне, 
Көре алмай қызығымды кеткеніңе. 
Өзгелер өз баласын еркелетсе, 
Жетімдік сүйегіме жетпеді ме?!

        Соғыс басталғанда он сегізге толар-толмаста болған М. Әлімбаевтың педучилищені енді бітірген кезі еді. Соғыс комиссарына арыз берді, бірақ оларды маңайына жолатпады. Сөйтсе, үкімет арнайы ұлттық құрамалар даярлап жатыр екен, сол үшін оларды сәл күттіріпті. Әйтеуір 1941 жылдың желтоқсанында соғысқа шақырылып, Павлодардан Семейге, Семейден Талғарға келіп, бір ай саяси жауынгерлер бригадасының 120 мм миномет дивизионына барды. Үш жарым айдай қатардағы жауынгер, сосын саяси жұмыстар жөніндегі жетекшінің орынбасары болды. (замполитрук) Калинин майданында Ржевтің түбінде 1942 жылдың қарашасынан ұрысқа кірісіпті, 1943-тің шілдесіне дейін соғысты. Сол кезде саяси қызметкерлер институтын жойып, жауынгер командир етіп даярланып, танк батареясының командирі болды. Соғыс біткесін Мұзафар Әлімбаевты Шығыс Германия жерінде әскери қызметке алып қалып, одан елге … 1948 жылы оралады. Майданда туған көп ақынның бірі — Мұзафар Әлімбаевтың «Батырға» деген бірінші өлеңі 1944 жылы 17 сәуірде Балтық майданының «Жауға қарсы аттан» газетінде жарияланған. Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинге арналған осы өлеңінде:


Баста алға батысқа, 
Ініңнің күші өскелең, — деген артиллерист, лейтенант Мұзафар «өскелеңдігін» тек соғыс майданында ғана емес, әдебиет майданында да көрсеткен. М.Әлімбаев комсомолец кезінде ауылдан аттанып, арада жеті жарым жыл өткенде коммунист, жауынгер командир, офицер-танкист атанып, үйге оралды. Уақытты бағалауды, өмірді қадірлеуді, Отанды қастерлеуді үйреніп қайтты.

          Ақынның «Ту тіккен» дастанында Рейхстагқа алғаш ту қадағандардың бірі Рақымжан Қошқарбаевтың жан-дүниесін, қаһарман ерлігін шабытпен жырлайды. Бұл дастанда Советтік Қазақстанның саңлақ перзентінің сүйкімді бейнесі нанымды мүсінделген. Ал «Жүрек лүпілі» атты кітабында қазақ жерінің, кешегі Отан соғысының отты күндері жырланады. Мұзағаңның соғыстан кейін туған «Қарағанды жырлары», «Менің Қазақстаным», «Естай - Қорлан» секілді туындылары сол кезеңдегі қазақ поэзиясының да шынайы табыстары болып саналады.

          Мұзафар Әлімбаев ақындық бақыты туралы айтқанда оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу шарт. Ұзына тарихы қырық жылға жуықтаған «Балдырған» журналын Мұзафар Әлімбаев қолымен құрып, 25 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. «Балдырған» журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына ағытылды. Қазақ топырағында бойындағы бар жұпарын балаларға арнайтын шын мәніндегі балалар қаламгері «Балдырған» арқылы қалыптасты. Жүз сексен әнге өлең жазды. 64 төл тума және аударма кітаптардың авторы.

        Шығармалары 20 тілге аударылған. Соның ішінде орыс тілінде 6 кітабы, түрікмен тілінде «Мен – түрік мейманы» (1963), қырғыз тілінде «Жолдар. Ойлар. Жырлар» (1966) жинақтары жарық көрген.

            Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» деген атпен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін», Орбелианидің «Ғибратнамасын» және Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған.

           1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

          ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978), Қазақстанның Халық жазушысы, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері (1996). Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

         Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.

      М. Әлімбаев қазақ балалар әдебиетінің қатардағы қаламгері ғана емес. Ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы, ұйымдастырушы. Әдебиетте талант бейімі болмай, ештеңе де өнбейді, әдебиет зорлықпен жасалмайды. Мұзағаңның да балалар поэзиясына туа бітті бейімі болғаны анық. М. 1948-58 жылдар аралығында  «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетіндебөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1958-86 жзылдар аралығында «Балдырған» журналының бас редакторы болып жұмыс атқарды.Әлімбаев қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ - олақ», «Шынықсаң - шымыр боларсың» тағы басқа кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. «Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген. М.Әлімбаев мақал - мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді. «666 мақал мен мәтел», «Мақал - сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз - ортақ қазына», т.б. жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын - зерттеу саласында еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Жазушының өлеңдері 38 тілге аударылған. Шығармалары: Қарағанды жырлары. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1953; Жұмбақтар. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1954; Лирика. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1958; Алатау баурайында. Өлеңдер мен поэмалар. А., ҚМКӘБ, 1960; Менің Қазақстаным. Поэма. А., ҚМКӘБ, 1960; Таңдамалылар. Өлеңдер мен поэмалар. А., ҚМКӘБ, 1961; Шынықсаң, шымыр боласың. А., ҚМКӘБ, 1962; Жолдар – жырлар. Өлеңдер мен поэмалар. А., ҚМКӘБ, 1964; Жүрек лүпілі. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жазушы», 1967; Өрнекті сөз – ортақ қазына. Монография. А., «Қазақстан», 1967; Көңіл күні. Таңдамалы. Өлеңдер мен дастандар. А., 1972; Балдәурен шіркін, балалық. Таңдамалы. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жазушы», 1973; Тәрбие туралы әңгімелер. Эссе. А., «Қазақстан», 1972; Ер еңбегі – айнасы. Мақалдар мен нақылдар. А., «Қайнар», 1968; Қалам қайраты. Зерттеулер, эссе. А., «Жазушы», 1976; Көңіл күнделігінен. Эссе. А., «Жалын», 1980; Маржан сөз. Мақалдар. А., «Жазушы», 1982; Таңдамалы. 2 томдық. Өлеңдер, поэмалар, аңыздар. А., «Жазушы», 1983; Ақмаңдайлым. Әнөлеңдер. А., «Өнер», 1984 ; Аянның алақаны. Өлеңдер. А., 1987; Сүймеген жүрек семеді. Өлеңдер. А., 1987; Өмір. Өнер. Өнерпаз. Эссе. Зерттеме. А., 1990; Екі тақтай бір көпір. Өлеңдер. А., 1996; Шығармалар жинағы. Екі томдық. 1997; Нақылдар кітабы. 2000; Аулақ бол жаман әдеттен. А., «Балауса», 2002; Хат. Өлеңдер, поэмалар, балладалар. 2005; Нақылнама. Төл афоризмдерінің кітабы. 2006; Көп томдық шығармалар жинағы. (7 том). 2007; Балдәурен. Балаларға арналған таңдаулы тақпақтар, дастандар, жұмбақ, жаңылтпаштар. 2008.

 

 

Жұмбақтар

Өзі  қазық

Өзі азық.  (Сәбіз)

 

Қаз мойынды қарбыз. (Құман)

 Қызыл сарым-

Жырық қарын. (Бидай дәні)

 

Төңкерілмейтін күбі,

Көтерілмейтін күбі.

Шүпілдеп-ақ тұрса да,

Көрінеді түбі.   (Құдық)

 

Тіреусіз күмбез,

Сылақсыз қабырға.

Тұтқасыз есік,

Іргетассыз ғимарат. (Киіз үй)

 

Тамақ та бола алады,

Табақ та бола алады. (Асқабақ)

 

Желден желігеді,

Судан шегінеді. (От)

 

Тірелмей ақ тұйыққа,

Жауабын тап табанда:

Мінсе ғана иыққа,

Қызмет етер адамға. (Иенағаш)

 

Иегімен есік ашқан. (Кілт)

 

Дәу дөңгелек,

Өзі – көлік,

Өзі – күрек,

Тау төңкерер. (Бульдозер)

 

Оқитыны көп,

Тоқитыны жоқ. (Көзілдірік)

 

Бір саптың екі ұңғысы бар. (Мұрын)

 

Су ішінде желігер,

Құм үстінде демігер. (Балық)

 

Толы болса жүреді,

Босап қалса, баспайды.

Тең бөлісіп қиынды,

Бейнетінен қашпайды.  (Етік)

 

Көзге көрінбейді,

Қолға ілінбейді.

Кейде сипап өтер,

Кейде ұйпап кетер.     (Жел)

 

 

Жаңылтпаштар

Мұз сүт,

Сүт  мұз.

 

Шіл пілге таңданбапты,

Піл шілге таңданыпты.

 

Кемел кемерде жүр,

Кемерде Кемел жүр.

 

Мая Аяның сол жағында,

Ая Маяның оң жағында.

 

Іргеден бүрге ұшты,

Бүргемен бүрге бірге ұшты.

 

Қыш құмыраға қыша майын құйшы,

Қыша майын  қыш құмыраға құйшы.

 

Қорқақ торпақ,

Торпақ қорқақ.

 

 

Тап – тұйнақтай,

 таптым тақтай.

 

Дәл дәлел бар, Жәлел!

Жәлел, бар дәл дәлел.

 

 

Аш арыстан

Аса алыстан шабынар

Қасарысқан мылтықтыға

Аш арыстан не қылар?!

 

Арша

Барша жұртқа ұнайды.

Барша жұртқа

Арша ұнайды.

 

Бақай,

Жақай,

Апай-топай

Апанға құлады

Жақай, Бақай,

Атайға тақай,

Жатарда жылады.

 

 

 

Өтірік өлеңдер

Ортасында теңіздің қырман аштым,

Тасбақаны жектім де бидай бастым.

 

Тырп етпей ұзақ жол жүріп,

Тіземе өзім отырдым.

Миыма шамдар қондырып,

Көзіме тасты толтырдым.

 

Ұйықтап жатып хат жаздым.

Ұл – қызына Кавказдың.

 

Барыстармен мұңдастым,

Балықтармен сырластым.

 

Тасқа бидай өндірдім,

Тауға мініп желдірдім.

 

Қарашы менің ісімді,

Әйтеуір сәтін түсірді:

Түсірдім түсті киноға,

Түн бойы көрген түсімді.

 

Қасқыр жектім соқаға,

Балшық жақтым опаға.

 

Жайын шыңда өсті,

Қайың суда өсті.

 

Мұны көрген бұрын кім,

Мұзды өртеп жылындым.

 

Көбелектің көзіне

Телевизор орнаттым.

Үш күн жаттым төзіммен

Қуысыңда қолғаптың.

 

Тракторым ауғанда,

Қарындашпен тіредім.

Атым шықты ауданға,

Елеусіз-ақ жүр  едім.

 

Қарашы менің ісімді,

Әйтеуір сәтін түсірді:

Түсірдім түсті киноға

Түн бойы көрген түсімді.

 

Жерге тас ектім – гүл шықты,

Жалмауыз астан тұншықты.

Тіреуіш еттім аспанға

Торайдан жұлған қылшықты.

 

Бұл неткен дара шыққан жаңа батыр:

Қасқырды қой арқалап бара жатыр.

Қылығы ұнамаса сол бөріні,

Қой-батыр бір –ақ атар... қара да тұр!

 

Алып ем оқты суырып,

Ақ қоян кетті жүгіріп.

 

 

 

Мұзафар Әлімбаетың кітаптары:

  • Әлімбай М.

Ана тіліне тағзым. Өлеңдер, мысалдар, ертегілер.- Алматы. «Атамұра», 2014. – 240б.

  • Әлімбай М.

Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2006.- Том 2. – 376 б.

  • Әлімбай М.

Көзін көрдік жақсы менен жайсаңның. Алматы, «Қазақстан», 2002, - 216 б.

  • Әлімбаев М.

Екі тақтай – бір көпір: Өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертектер. – Алматы: Балауса, 1992. – 192 б.

  • Алимбаев М.

Кто начинает день: Стихи/ Пер. С казахск.;Предисл. О.Сулейменова; Худож.Р.Халилов.- М.: Дет. Лит., 1988. – 63.

 

 Қолданылған әдебиет:

 

  • «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/ Бас ред. Ә.Нысанбаев.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. 720 б.
  • Әлімбаев М.

Екі тақтай – бір көпір: Өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертектер. – Алматы: Балауса, 1992. – 192 б.

 

 

Мазмұны

 

 

Алғысөз_____________________________   1

Мұзафар Әлімбаевтың портреті______   2

Мұзафар Әлімбаевтың өмірбаяны_____    3

Жұмбақтар_________________________    8

Жаңылтпаштар____________________    10

Өтірік өлеңдер______________________    12

Мұзафар Әлімбаетың кітаптары_____    14

Қолданылған әдебиет________________    15