Алғысөз

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев – ағылшындарға Шекспирдің, орыстарға Пушкиннің қандай маңызы болса, қазақ халқына оның сондай маңызы бар.

Ә.Марғұлан

 

 

Мағжан Жұмабаев – сыршыл, суреткер, романтик, «мәдениетшіл ұлт ақыны», ешкімге ұқсамайтын дара тұлға. Оның өлеңдері жалынды болып келеді. Отаршылдыққа, зорлап-күштеушілікке, ұлттық артықшылдыққа қарсы тайсалмай күрескен нағыз демократ, көпшіл, ұлтжанды халық перзенті.

 

 

Мағжан Жұмабаев

(1893-1938)

 

Ақындық жағына келгенде  Мағжан, әрине, қазақтың талантты ақындарының бірі. Қазақтың тілін байытуда, әдебиетіне жаңа түрлер енгізуде Мағжаның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ.

                                                                 Сәбит Мұқанов

    

    Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев – 1893 жылы 25 маусымда  Сасықкөл жағасында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, «Молодежный» совхозы орналасқан Бекен ауылында дүниеге келген.Арғы атасы Жұмабай сауда –саттықпен шұғылданған, жиған – тергенімен байып, елге кеңінен танылған, Мекке-Мәдениге барып, қажы атанған, беделді, кісілігі жоғары адам екен. Сөзін желге шашпайтын, пендешіліктің көп әуейілігіне баспайтын әулие қарт 3 жасар Мағжанды  алдына алып отырып: «Менің атымды осы немерем түбінде әлемге әйгілі ететін болады»,- сәуегейлік айтқан көрінеді. Мағжанның өз әкесі  Бекен/ Бекмұханбет/ Жұмабайдың бәйбішесі Қойлықтан туған. Бекен әйелі Гүлсім екеуі Әбілмүсілім, Қаһарман, Әбілмағжан, Мұхамеджан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан есімді жеті ұл мен Күләндам, Гүлбарам атты екі қыз баласын қоса есептегенде  тоғыз перзент тәрбиелеп өсірген. Әкесі Бекен мектеп ашып, мұғалім алдырып, балаларын оқытқан, оларға білім беріп, адамгершілік қасиеттерге баулытқан, инабатты, игі жүректі етіп халқын, жұртын сүйюге тәрбиелеген. Мағжан 4 жасында – ақ башқұрт жігіті  Ахметденнен  хат танып, қабілетті, сабаққа ынтасы жағынан ерекше  көзге түсіп, хисса- дастандарды оқып кеткен. Әкесі 1905 жылы Мағжанды Қызылжардағы  Стамбул университетінің түлегі М.Бегішев ұстаздық еткен шалақазақ медресесіне орналастырады.Медреседе оны дін уағызынан гөрі жаратылыстану, гуманитарлық білім негіздері көбірек қызықтырған. Осында жүріп ол араб, парсы, түрік тілдерін меңгеруге күш салады, өз бетімен көп ізденіп, кітапханаларда сарыла отыратын күндері жиілейді. 1909 жылы Мағжан Петербургтен шыққан Абай өлеңдері жинағын қолына түсіреді. Надандар, тоғышарлар «басқа шауып, төске өрлеген» ұлт ақыны кітабын «қисайып, кектеніп» бұлтсыз күнгі найзағайдай қарсы алса, медресе шәкірті Мағжан оған құдай сөзіндей табынады:

            Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

            Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес, - деп, оның даналығына, көсемдігіне шәк келтірмейді.

            Білімге құныққан Мағжан Бегішев медресесін бітіргеннен кейін Уфа қаласындағы «Медресе - Ғалияға» келеді. Бұл оқу орны – талай қазақ ойшылдары білім алған орда.Мағжан оған орналасқанда  медреседен болашақ ғұлама  ұстаз Біләл Сүлеевті, Зейнелғабиден Иманжанов, болашақ үлкен жазушы Бейімбет Майлинді ұшыратады. Медресенің  аға мұғалімі, татар халқының классик жазушысы / «Қазақ қызы» романының авторы/ Ғалымжан Ибрагимов Мағжанның «тамырын басып» көрген соң: «Мұнда сен оқитындай оқу жоқ, сен білімнің жолын басқа жерден ізде», - деп мәслихат береді. Қамқор ұстаз, асыл азамат жас таланттың  түлеуіне шарапаты тиіп, 1912 жылы Қазан қаласында «Шолпан» атты оның тұңғыш жинағы  басылып шығуына көмектеседі.

           Уфадан Қызылжарға қайтып оралған Мағжан нағашысы Х.Әшірбековтің  үйінде тұрып, кітапханадан орыс әдебиеті шығармаларын алып оқып,  білімін жетілдіреді.Қызылжарда тағдыр жазып,  көрнекті – ақын – жазушы, журналист Міржақып Дулатовтан бір қыс орыс тілінен дәріс алады, ұстазының көмегімен классикалық әдебиет үлгілерінен сусындайды. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтовтың өзіне ұнаған жекелеген өлеңдерін аударып, ақындық қуатын шамалап көреді.  Сол кезде А.Байтұрсынов шығарып тұрған  «Қазақ» газетінің  де  жас талантқа тигізген әсері  аз емес еді, оның жұмысына  бұл да белсене араласты.1913 жылы ол Ахмет, Міржақыптардың жөн сілтеуімен Омбыдағы оқытушылар семинариясына  оқуға түседі,  сонда болашақ ұлы ақын, жазушы Сәкен Сейфуллинмен танысып, бірге білім алады. 1917 жылы  ол семинарияны алтын медальмен тәмамдаған. Кім білсін, Абайды жастайынан медреседен  суырып алып,  ел қызметіне салатын Құнанбай шылады ма екен, Бекен де Мағжанның  ауылдан ұзап,  тым тақуаланып, білім қуып кетуіне шын ықыласты  бола қоймаған. Оны біз Мағжанның  «Толғау», «Жан сөзі» өлеңдерінен оқып білеміз.

            Мағжан – ауқатты әкенің тапқан – таянғанымен күн көріп, соның беделін малдануды қаламаған, тыңнан жол салып, ел қатарлы  көтерілер биігіне жетуді алдына мақсат етіп қойған. Білім іздеп, өнер қуып басын тауға да,  тасқа да соғады, қаладан қала кезеді. Қаражатттан да тапшылық  тартпай қоймайды, «жалғыз кезеді», басына туған «қара күндерді» мойымай көтереді, ата-ана, туысқандарына соның бірін де сездірмейді, оларға салмағын салуды ар көрген.1913-1916 жылдар Мағжан Жұмабаевтың ақындық, азаматтық тұлғасы қалыптасып, Абай айтпақшы, «атаның баласы болмай, адамның баласы болуға» бет бұрған шағы еді. Саяси ұғым, қоғамдық түсінік,  философиялық көзқарастары өзара үйлесе бастаған жастардың Омбыда «Бірлік» атты қоғамы құрылып, Мағжан сол қоғамның «Балапан» деген  қолжазба журналына  редакторлық етеді. Қоғам мүшелерінің  саяси ой – толғамын, қоғамдық пікірлерін өткірлеп, айқындап, өңдеп, журналға енгізген. Қазақтың сол кездегі  А.Байтұрсынов, М.Сералин, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, Жаһанша – Халел Досмұхамедовтер,М.Тынышбаев, С.Сейфуллин тәрізді өзара ой – өрісі, дүниетаным, идеологиялық көзқарастары  үйлесе бермейтін білімпаздармен пікірлес, кейбірімен «табақтас» та болып жүрген.

        Жақсысын бойына дарытқан, олардың  қайсысы туралы  да өз түсінігі бар,  жасы үлкен, білімі, өмір тәжірбиесі мол деп тым еңкейе бермеген, тәкәппар, еркіндігін сақтаған.

        Ақпан төңкерісі қазақ сахарасын шарпыған  ұлт-азаттық қозғалысын жаңа белеске көтере отырып, елім деп еңіреп жүргендерді  «Алаш» партиясының төңірегіне  топтастырып,  Ресейдің аласапыран оқиғалар кезіндегі  күйзелісті шағын  пайдаланып қалуға жұмылдырады. Ел ішіндегі алауыздық, реакция, большевиктердің  орыс империясынан  еншілеп алып қалған  темір тегеруінді  тоталитарлық  жүйесі бұратана халықтардың  таз кебін басына қайта мықтап кигізді. «Бірінің етін бірі жеп», ақ пен қызыл шайқасқан Азамат соғысы жүріп жатқан шақта қылышынан қан тамған  Сібір үкіметінің монархы Колчактан біраз үміт күтіп еді, ол да «Қазақ автономиясы»  деген сөзді құлағына ілмеді, көкірегі ісінген диктатор бостандықты, ізгілікті белінен басып, қанқұйлы саясаттан айнымайды. Сол үміт үзіліп, халық қара жамылған шақты Мағжан:

Зар еңіреді талай жан,

Сел боп ақты қызыл қан.

Өтірік, талау, өлтіріс.

Шірік жүрек сасықтар,

Арамдыққа асықтар,

Жетілді, жетті мұратқа, -

деп бейнелеген. «Бостандық» ұранын алдыға зымиян саясатын жасыру үшін ұстап, «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар» бойы үйреніп, «есін жиып күйленіп» алған соң, інжіл, құраныңды таптап, «туралық, теңдікке» апарар жолды оқпен, өртпен ашпақ боп есіреді, ібіліс әмірін жүргізеді. «Алаш» партиясының белсенді мүшесі ол 1918 жылы ел ішінде,  саяси күрес сахнасында не болып, не қойып жатқанына онша түсіне қоймай,  басы қатады. «Үш жүз» партиясының алаяқтары әртүрлі ілікпен оны абақтыға отырғызып тынады. Колчактың жеңілуі Мағжанды түрмеден босаттырады, сөйтіп, ақынның еркіндік аңсаған үміті осылай жанып барып, бықсып өшеді.

        1919 жылы 4 мамырда «Алашорда» партиясының  басшыларына  кешірім жарияланғаннан кейін  Мағжан жаңа өмірге алаңсыз араласады. Ақмола губерниялық  «Бостандық туы» газетіне редактор болып тағайындалады, 1922  жылы Түркістан Республикасының астанасы Ташкентке шақырылып, «Ақ жол» газеті мен «Шолпан», «Сана» журналдарын шығарысады. 1920-1927 жылдар – Жұмабаев шығармашылығының дәуірленген тұсы.

           1924 жылы Мағжан А.Луначарскийдің өтінішімен Мәскеуге көшіп келіп,  Коммунистік университетінде шығыс тілдерінен дәріс оқиды. «Шығыс» баспасында орта, орталау қазақ мектептерінің  оқулықтары мен  оқу құралдарын шығарысады. Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы, «Педагогика», «Бала тәрбиелеу жолдары», «Сауатты бол» тәрізді мектепке арналған  оқулықтар жазып, бастырады. Мұнда кешкісін Жоғары әдебиет институтынан дәріс алып жүрген,  орыстың ұлы ақыны Сергей Есенинмен  сабақтас болады. Мәскеуде тұрған жылдары  ол саяси әдебиеттерді, көркем шығармаларды аударады.  Аудара жүріп, өзінің идеялық – эстетикалық арнасы  кеңіп, европалық зор мәдениетті жазушыға айналады.

                1927 жылы Мағжан Мәскеуден Қызылжарға оралады. Қаладағы қазақ педагогикалық  техникумы мен  Кеңес партия мектебінде орыс, қазақ тілдері мен әдебиетінен сабақ береді.  Бірақ мұнда ол байыз  тауып қызмет атқара алмайды. Қазақстан өлкелік партия комитетіне  бірінші хатшы болып келген Ф.И. Голощекин 1929 жылы 300-ден астам қазақ зиялыларын  қамауға алғызады. Соның бірі – «ұлтшыл», «түрікшіл», «өзімшіл», Мәскеуде «Алқа» атты «контрреволюциялық» әдеби үйірме құрған Мағжан Жұмабаев. Ол Мәскеудегі  «Бутырка»  түрмесіне жіберіліп, сонда 10 жыл концлагерьге кесіліп, оны Карелияда өтейтін боп шешіледі. «Көппен көрген ұлы той», зауалды ақын жүнжімей, мойымай көтереді. Жары Зылиханың табандылығының арқасында 1936 жылы Мағжанның А.М.Горькийге қосағы арқылы жіберген хаты себепші болып, концлагерьден босанып шығады. Туған жері Қызылжарға оралып, мектепке қызметке орналасады, бірақ мұнда да дұшпандары «ескі жараны» қайта тырнап, берекелі еңбек еткізбейді. 1937 жылы әйелі Зылиха екеуі Сәкен Сейфуллиннің шақыруымен  Алматыға көшіп келеді.  Амал не, сапарлары тағы сәтті болмай, сеніп келген С.Сейфуллин сталиндік репрессияға ілігеді де,  көп кешікпей  Мағжан да «жапон тыңшысы» деген жалған жаламен соның жолын құшады.

         Ел- жұртым дегенде ішкен асын жерге қоятын аяулы ақын стализмнің құрбаны болғанымен, артында өлмес мұрасы қалады. Көзінің тірісінде Жазушылар Одағының мүшелігіне де өте алмай кетсе, бүгін оны тәуелсіз  егемен Қазақстан  ұлттық көркем ойының  аспанындағы  Абайдан кейінгі  екінші  жарық жұлдызы  санайды, ұлы ақын мәңгі өлмес екінші өмірін енді бастады.

           Мағжан Жұмабаевтың 1912 жылы Қазақ даласында «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді.1923 жылы ақынның «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» атты өлеңдер жинағы жарық көрді, жалғыз прозалық шығармасы – «Шолпанның күнәсы» әңгімесі баспадан шығады. Мағжан Жұмабаев көп өлеңдерін әйел тақырыбына арнайды: «Гүлсімге:», «Сүй, жан сәулем», «Төгілген шашы», «Бәрінен де сен сұлу», «Н-ға», «Жас сұлуға» т.б. сияқты өлеңдері  көп.

            Мағжан Жұмабаевтің  «Ертегі», «Жүсіп хан», «Қорқыт», «Тоқсанның тобы», «Батыр Баян» атты поэмалара бар.

Мағжан Жұмабаев қоғам қайраткеріне тән кемел ақыл ойлы ұльжанды қаламгер болғандықтан, көптің ішінен екшеп көсеміне, құстың ішінен қыранына, тұлпардың ішінен тарланына,  ғалым мен ақынның ішінен  киелісіне үкі тағып, оған неге  соншама құлай  ынтығатынының  себеп-салдарын қазып,  табиғатына бойлата аларлық қабілетке  ие, көкірегі сұңғыла  әдебиетші – ғалым.

            Қазақ әдебиетінің тарихында  М.Жұмабаев – көп қырлы талант, жаңашыл ұлт ақыны, зергер жазушы, педагог – ғалым, кемел ойлы әдебиетші.

 

Мағжан Жұмабаев туралы ой – пікірлер

"Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайда... Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін".               

                                                                Мұхтар Әуезов

"Абай – ақылдың ақыны, ал Мағжан – ақынның ақыны. Мағжан ақын ретінде Абайдан күштірек, Біз Мағжаннан үйренуіміз керек".

                                                               Сәбит Мұқанов

"Мағжан – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті. Маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі мұңды зарымен күшті". «Дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ».

                                                           Жүсіпбек Аймауытов

"Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев".

                                                      Зейнолла Қабдолов

"Ағылшындар үшін Шекспирдің, орыстар үшін Пушкиннің ролі қандай болса, қазақ халқы үшін Мағжанның ролі сондай".

                                                     Әлкей Марғұлан

"Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады".

                                                   Ілияс Омаров

"Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?!"

                                                 Әлихан Бөкейханов

 

 

(Мағжан Жұмабаев пен Смағұл Сәдуақасов)

 

 

(Мағжан Жұмабаев және Сәбит Мұқанов)

 

 

(Мағжан Жұмабаевтың жұбайы Зылиха Жұмабаева)

 

 

(Бір топ азаматтар мен балалардың арасындағы Мағжан Жұмабаев )

 

Қолданылған әдебиеттер:

  • Қ 18 «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/Бас ред. Ә.Нысанбаев.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2002.-720 бет.
  • Мақпырұлы С., Сыдықов Т.

Қазақ әдебиеті. ІІ бөлім: Оқулық. – Астана: Фолиант, 2007.- 284 бет.

  • Майтанов Б.Қ.

Сөз сыны (ХХ ғасыр әдебиетінің көріністері). Зерттеулер, мақалалар, портреттер. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002.344 бет.

  • Умарова Г.С. Шарабасов С.Ғ.

Қазақ әдебиетінің тарихы: Оқулық. – Астана: Фолиант, 2007. – 244 бет.

 

Мағжан Жұмабаевтың кітаптары:

 

  1. Жұмабаев М.

Жан сөзі: Өлеңдер мен дастандар. – Алматы: Раритет, 2005.-256 бет.- «Алтын қор» кітапханасы.

  1. Жұмабаев Мағжан

Сүй, жан сәулем. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Атамұра, 2002. – 256 бет.

  1. Жұмабаев Мағжан

Көп томдық шығармалар жинағы. 1 – том. Өлеңдер, дастандар, әңгіме. – Алматы: Жазушы, 2002. – 208 бет.

  1. Жұмабаев М. Таңдамалы: (Өлеңдер, поэмалар, зерттеулер, аудармалар). – Алматы: Ғылым, 1992. – 272 бет.
  2. Жумабаев Магжан

Свет красив./Поэзия о любви/ (Состав., вступ.слово Е.Дуйсенбайулы) – Алматы: ТОО «Ол-Жас Баспасы». 2009- 144 стр.

  1. Жумабаев Магжан

Пророк. Стихи и поэмы. Пер. С каз. / Составитель, вступ.статья, комментарии Б.Канапьянова. – Алматы: издательский дом «Жибек жолы». – 2002 – 400стр.

 

 

Мазмұны:

Алғысөз____________________________________________1

Портрет__________________________________________2

Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев_____________3

Мағжан Жұмабаев туралы ой – пікірлер_________10

Фотосуреттер_______________________________12

Қолданылған әдебиеттер________________________14

Мағжан Жұмабаевтың кітаптары__________________15