Алғысөз

Мараттың үлкен талант екені ең алғашқы туындыларынан-ақ білінді. Мұз бұлақтан бұрқылдап атқан тау суындай тартып жібергенде шекеңнен шығатын дару сөз зәру оқырманын дәл тапты.

Аса терең білім-білікті, шебер жазушы Марат Қабанбай кейінгі жылдары көсемсөзге көшкен. Мемлекеттікті, тәуелсіздікті қанымен, жанымен сезінген ол өзін әр деңгейдегі әлеуметтің орнына қойып байқады.

Халықты жақтады, демократияны қолдады...

Адамды асқақтатып, қоғамды қозғап, заманға түзету енгізгісі келетін еркіндікте іңкәр өнер иесі өзін де аямай жазалайды. Марат Қабанбай дәл осындай тұлға еді.

Әрбір жазушы әдебиеттен алатын орнына өзі қол қойып кетеді.

Күләш Ахметова

 

Іні өседі ағасына сүйеніп,

Көкірегінен күмбір – күмбір күй өніп.

Бірін – бірі қолдап-қорғап жүретін,

Аға – ініге басымызды иелік.

                                             Айтқали Нәріков

 

Марат Қабанбай


Марат Қабанбай 1948 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген. Ол балалар жазушысы, публицист. Марат Қабанбай жетімдік пен жоқшылықтың тауқыметін тартқан.Ауру анасы мен шиеттей іні – қарындастарын асырау үшін жазушы еңбекке ерте араласады.


Марат Қабанбай 1975 жылы Алматыдағы  ҚазМу – дің журналистика факультетін бітіріп,  1966 – 1968  жылдары аудандық газетте корректор, әдеби қызметкер,  бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады.  Сондай – ақ, «Лениншіл жас» газетінде , «Жалын» баспасында, Қазақ КСР  баспа,полиграфия және кітап саудасы істері  жөніндегі мемлекеттік комитетте  қызмет істейді. Ал 1995 – 1997 жылдары республикалық  «Ана тілі» газеті  редакторының орынбасары, 1999 жылдан өмірінің  соңына дейін «Солдат» газетінің  бас редакторы  болып еңбек еткен Марат Қабанбай  қазақ публицистикасының да тасының өрге домалауы  жолында  көп еңбек сіңірген. Еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары  Мараттың қаламынан  туған мақалалар қазақтың тәуелсіз журналистикасының  қалыптасуына  игі ықпал етті.  Үлкенді – кішілі талай  журналистер  оны ұстаз тұтты.


«Ол мінезді жазушы еді. Кейде ағынан ақтарылып, жетісіп тұрған мінезінің жоқ екенін өзі де мойындайтын. Онысы рас. Өткені ол кез – келген  адамның ығына жығыла бермейтін. Өзінің өмірге деген көзқарасы, принципі, ер – азамат ретінде ұстанған позициясы болды. Әсіресе Марат түйсігі шамалы, білімі жоқ, надан адамдармен сөйлескісі келмейтін. Ол көп оқыған, көп тоқыған өте мәдениетті болды».(жары Сәуленің естелігінен).


Жазушының шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. Негізгі тақырыбы: заман келбеті, жастардың өмір тіршілігі; идеясы: адам сүю. «Бақбақ басы туған күн» (197), «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» (1977), «Жиһазкез Тити» (1982), «Пысық болдым, мінеки» (1983), «Қала мен қыз бала» (1984), «Қазақ, қайда барасың?» (1995), «Сурет салғым келмейді»  (1995), атты повестьтер мен әңгімелер  топтамалары, «Көркем дәм»(1977), «Айшылық алыс жол» (1987), романдары жарық көрді. Шығармалары орыс тілінде  «Арыстан, я, виоленчель» (1980,М.,), «Вот он я - быалый»(1986, М.,), «Горький вкус» (1989),  «Эхо» (1991) деген атпен басылып шықты. Жекелеген туындылары  украин, молдован, латыш, неміс, өзбек тілдерінде аударылған.

 

Марат Қабанбай сексенінші жылдардың ортасында Андерсен атындағы  халықаралық сыйлықтың  лауреаты атанған. Бұл аса беделді дүниежүзілік сыйлық бұрын бүкіл Кеңес одағы бойынша тек Михаил Алексеев  деген орыс жазушысына  берілген болатын.Демек, бұл  марапат бойынша Совет Одағының тарихында  Марат Қабанбай – екінші лауреат. Орыстар Алексеевті сол Андерсен сыйлығын  алғаннан кейін бірден көкке көтеріп, Социалистік Еңбек Ері  атағын бергені белгілі.


Марат Қабанбай 2000 жылдың 26 – сәуірінде, небәрі 52 жасында қайтыс болады.

 

(Бала Марат анасымен)

 

(Жары Сәуле Хамзина және екі қызы)

 

(Марат Қабанбай жазушы Морис Симашкомен)

 

(Марат Қабанбай, жеке мұрағаттағы сурет.)

 

Жан сезім

Ел мен жердің, оның абзал адамдарының ыстық құшағы көкірегіме әлденені екті ме, 8-9 класта ептеп өлең  жаза бастадым. Ара – тұра  әліме қарамай, әңгімеге қол созамын. Көбі - алғашқы сезім. «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттеріне шикілі – пісілі «туындыларымды» құрдас – құрбыларыма көрсетпей әдемілеп көшіріп бере қоямын. Түк білмегендей  тымпиып жүріп, жауап күтемін.


... Тамшы тасты да теседі, ақыры, еңбегім жанып, мектеп бітірген 1966 жылы «Жұлдыз» журналының  жастар творчествосына арналған август  санында «Сөну» атты әңгімем жарияланды.  Бұл кезде менде құр жатпай, жақыннан дорбалап дегендей, аудандық, облыстық газетке бірді – екілі өлеңімді жариялап, ауыл-үй арасында «бала ақын» аталып қалған жағдайым бар-ды. «Не болыпты, прозамды ұнатқан «Жұлдыз» поэзияма да кет әрі емес шығар...» деген дәмемен бүкіл өлеңдерімді  қаттап – бүктеп, редакцияға салып жібердім.

 

Көп ұзамай жауап та келді. «Қабанбаев жолдас! «Сөну» - жақсы әңгіме Бірақ, бұл сізден ақын шығады  деген сөз емес. Қаламыңызды қадірлей біліңіз!» - деген төрт сөйлемі төбеден төрт түйген ашулы хат... Бұлдыраған  көзімнен ақ қағаздың  аяқ жағына қарасам,  «Мұқағали Мақатаев» деп қол қойыпты. Мақаңды сол кезде -  ақ  өлеңқұмар жастар  жақсы көретін, амал жоқ,  шіліңгір ыстықта  темір пешті жағып, «өлең, баллада, дастандарымды» отқа тастадым.Ақындығым осымен аяқталды да, бейнет – михнаты мол, жеті өлшеп бір кесетін,  прозашылық басталды.  Әдебиеттің басқа саласын қайдам, проза жерден табаны  айрылса, халі кететін  Ахиллес  секілді туған топырағына  адал жанр. Ал балаларға арнап  жазылған дүниелер аса нәзік,  шындыққа аса тілемсек, кінәмсіз болып келеді.


... Балаларға арналған азды – көпті шығармаларды жаза отырып түйгенім мынау: Өмірдің өзі біз үшін – алтын көмбе, асыл қазына. Повесть, әңгімеге өзек болар сюжетті алыстан арбалап тасымай – ақ, төңірекке пысық көзбен қарап, ыстық көңілмен, үңіліп, ең аяғы  өз бала – шағаңнан бастап, іні – қарындастарыңның  сүйкімді қылығы  мен қызық ойындарынан ой қорыта  білсең, жерде қалмайсың. Саусақтап сорып, оқиғаны  ойдан шығарсаң, жалғандық жақын» - деп жазған.

(Мәтін өз шығармасынан алынды.)

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Ұлттық энциклопедия/ Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2004. –
  2. «Балалар бағының бағбандары».Анықтамалық. – Алматы:

Құрастырған: Шәке Күмісбайұлы «Балалар әдебиеті» баспасы 2008 – 300 бет.